05 Қырқ 2024
Страницы КГУ Жаналыкская средняя школа имени С Сейфуллина

Мектеп тарихы

«Қ.Жарылғасынов атындағы Жаңалық орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қысқаша тарихы.

Бұл мектеп алғашында XX ғасырдың басында Маңырақ болысы Шідерінің ұлы Ақыш қажының бастамасымен руы Төлебай Нағымжан молда діни жаратылыстану бағытындағы медресе болып, Жаңалық ауылының батысындағы 2 километр жерде «Мешіт» негізінде құрылған.Мектепте діни сабақтармен қатар, 4 түрлі пән оқытылған.

Атап айтатын болсақ: есеп, діни оқу, жағрафия тарих пәндері оқытылған. 1913 жылы қазақтың біртуар ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыров осы медреседе сабақ жүргізген. Ол кісіден сабақ алған Қызбай Мұқанбаев Смағзам Шомбин деген адамдар мұғалімдік қызметті таңдап,бала оқытқан. Осы медресе негізінде 1928 жылы Калинин колхозында «Теңдік» бастауыш мектебі құрылды. Ол мектепте ересек адамдардың сауатсыздығын жою бағытында «Саужой» курстары жұмыс істеп, көптеген сауаты жоқ адамдардың сауатын ашқан. 1932 жылы мектеп 7 жылдық мектеп болып құрылды. Бұл жылдары мектепте Қызбай Мұқанбаев, Шомбин Смағзам, Мылтықбаева, Бітімбаева Гүлжан, Истомин Анатолий, Құдабаев Жұмаділ деген мұғалімдер жұмыс істеді. 1941 жылы соғыс басталғанда осы мектептің мұғалімдері Қалияқперов Құмар, Мұқанбаев Қызбай Отан соғысына аттанып, соғыстан Қызбай Мұқанбев аман оралып,ұстаздық қызметін жалғастырды.

1945 жылдары мектеп директоры Нұрекенов Мержақып болды.

1947 жылы мектепке М.И.Калинин аты берілді. 1959 жылы мектеп директоры болып, Бітімбаев Қайырлы тағайындалды. 1962 жылы мектеп 8 жылдық мектеп болып құрылды.

1960-1964 жылдары Нұғыманов Мәлік директор болып,Покровка мектебінен ауысып келді. Мектепте Құдабаев Ж, Бітімбаев Қ,Жұмажанов Қ,Таңатаров Қ,Қабылжанов С соғыстан оралғанда мұғалімдер жұмыс істеді. Осы кезеңдерде мектептен математика ғылымдарының докторы Мұхамед Құнапия, Түсіпов, педагогика ғылымдарының докторы Иманмәлік Нұғыманов, биология ғылымдарының докторы Жұмақан Жатқанбаевтар білім алды.

1963-1965 жылдары мектеп директоры Дүкенов Семейхан болды.

1965 жылы мектепке СПТУ -дан Нұғыманов Мәлік директор болып қайта ауысып келді. Мектепке, өзінен білім алған шәкірттер қайтадан жоғары білім алып келіп жатты. Осы жылдары Қасайнов Ғазиз, Шамиева Дәмеш жоғары білімді география, химия пәндерінің мұғалімдері келді.

1974-1975 оқу жылында мектеп орта білім беретін орта мектеп мәртебесін алды. Мектептің бұл кездегі директоры болып Мәлік Нұғыманов қызмет істеді. Мектепте әр жылдары мектеп директорлары болып, Қасайнов Ғазиз (1982-1985) Мұқатов Түсіпхан (1985-1987) Күсемісов Амангелді (1987-1993) қызмет атқарды. 1986 жылы мектеп -11 жылдық мектеп болып құрылды.

1993 жылы мектептің атауы С.Сейфуллин атындағы орта мектеп болып өзгертілді. Қизатов Сейітбек Құрманбекович 1993 – 2019 жылдары мектеп директоры қызметін атқарды.Осы кезеңдердегі мектеп түлектерінен Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Амирова Ғалия Слямханқызы, Шығыс Қазақстан бойынша еңбекті қорғау департаментінің директоры Қизатов Бақытбек Құрманбекұлы, заң ғылымдарының докторы Маликова Шолпан Балтабекқызын, полковниктер Қалиев Төлеухан Мағиұлы, Киев авиациялық институтының түлегі Халықов Қанат Қинаятұлы, Акежанов Жанболат Жақсыханұлы,Алматы жоғары әскери академиялық институтының түлегі батальон командирі, майор Әсенов Елдар Серікханұлы, әскери қызметкер,лейтенант Шапатов Әсет Советханұлы тәрізді көптеген түлектерді мектеп мақтан етеді.

С.Сейфуллин атындағы мектебі 2011 жылы «Сейфуллин атындағы орта мектеп» КММ болып, 2021 жылы «Жаңалық атындағы С.Сейфуллин орта мектебі»коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып Шығыс Қазақстан облысы әділет басқармасына тіркелді. Мектеп жалпы орта білім беру мекемесі ,шағын жинақталған орта мектеп.

Мектеп Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы,Жаңалық ауылында орналасқан. Жаңалық ауылында 350 адам тұрады. Ауылда 130 үй бар. Мектепте 30 мұғалім, шағын орталықта 14 қызметкер, 25 техникалық персонал, жиыны 69 адам қызмет істейді. Және 0-11 сыныптарда 92 оқушы, шағын орталықта 30 бала, жиыны 122 бала тәрбиеленуде. Мектептің жаңа ғимараты 2004 жылы пайдалануға берілді.

Мектептің қазіргі директоры, осы мектептің түлегі Есембаев Мұсағали 25 қараша, 2019 жылдан бастап қызмет атқарады.

Пайдалы ақпараттық ресурстар